Германия экономикасы

Германия Федеративтік РеспубликасыОрталық Еуропада орналасқан мемлекет. Кейбір түркі тілдерінде Алмания болып аталады. Жер аумағы 356,96 мың км2. Халқы 81,7 млн. Астанасы 1991 жылдан Берлин қаласы. Халқының 94 % немістер. Ресми тілі – неміс тілі. Халқының көпшілігі христиан дінінің протестант және католик тармағын ұстанады. Германия 16 аймақтан құралған федеративті республика. Әр аймақтың өз конституциясы, парламенті және үкіметі бар. Федеральдік президент арнайы шақырылған, бундестаг және ландтагтар мүшелерінің бірдей санынан құралған федеральдік жиналыста 5 жыл мерзімге сайланып отырады. Президент мемлекет басшысы ретінде халықаралық жиындарға қатысады, шет елдермен келісімшарттарға қол қояды, елшілерді, федеральдік соттарды тағайындайды, т.б. Елдегі атқарушы билікті федеральдік канцлер жүргізеді. Жоғарғы заң шығарушы органы – қос палаталы (бундестаг және будесрат) парламент. Будесрат аймақ өкілдерінен құралған. Ақшасы – неміс маркасы. Ұлттық мерекесі – Герман бірлігі күні (3 қазан, 1990 жылы Германия Демократиялық Республикасының Германия Федеративтік Республикасына қосылған күні). Федеральдік Конституциясы 1949 жылы қабылданған. Ірі қалалары Бонн, Гамбург, Мюнхен, Кельн т.б.


Табиғаты

өңдеу

Германияның солтүстігін Орта Еуропа жазығы алып жатыр. Оңтүстігінде Шығыс Альпі тау жоталары орналасқан. Өзендерінің көпшілігі Солтүстік теңізге, Оңтүстігіндегі өзендер Дунайға құяды. Батысы мен солтүстік батысының климаты қоңыржай теңіздік, ал оңтүстік – шығысының климаты қоңыржай – континентік болып келеді. Қаңтардағы орташа температурасы 0оС, ал шілде айында 16-17 оС, оңтүстігінде 20-22 оС. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 500-600 мм, тау бөктерлерінде 1000-2000 мм.

Тарихы

өңдеу

Германия жерін адам баласы палеолит дәуірінде-ақ қоныстанған. Б.з.б. 3-2 мыңжылдықта жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты, ал б.з.б 1-мыңжылдықта темір қорытуды меңгерді. Б.з.б 1 ғасырда Рейіннің батыс жағалауы Рим империясының қол астына қарады. 4-ғасырдың аяғында германдықтардың алғашқы тайпалық одақтары пайда болды. Олар шығыстен келген ғұн тайпаларымен қосылып, 5 ғасырда Батыс Рим империясын талқандады. 6-8 ғасырларда герман тайпалары франктердің қол астына қарады. Олар христиан дінін де осы кезде қабылдады. 843 жылы Франк империясы ыдыраған кезде Шығыс Франк корольдігіне бағынды. Осы мемлекеттің негізінде герман тайпалары қайтадан біріктіріліп, Германияның тұңғыш королі Генрих І-нің басшылығымен 919 жылы Герман корольдігі құрылды. Алғашқыда бұл корольдікке 4 тайпалық герцогтік бағынды. Кейін Лоторингия және Фризия қосылды. 962 жылы герман королі Оттон І Римді жаулап алып, Рим папасы тағына отырды. Осы кезден бастап герман корольдері өздерін «Қасиетті Рим империясы» тағының мұрагерлері деп жариялады. 1032-34 ж империя құрамына Бургундия корольдігі қосып алынды. Корольдік 11 ғасырдың ортасынан бастап саяси бытыраңқылықты бастан кешірді. 18 ғасырға дейін корольдікті билеуші 17 әулет ауысты. 13 ғасырда корольдік құрамындағы кейбір князьдер, әсіресе, Саксон әулетінен шыққан княздер шығысқа жорықтар жасап, лив, эстон, пруссия тайпаларының жерлерін жаулап алды. Соның нәтижесінде Германияның аумағы шығысқа қарай екі есеге жуық ұлғайды. Алайда Италиядан бастап Балтық бойына дейін созылып жатқан корольдікте ықпалды әулеттер билеген жеке-жеке князьдіктердің беделі күшті болды. Әсіресе, корольді сайлау құқығын иеленіп алған курфюреттер жеткеші топқа айналды. 1517-1648 жылдардағы діни реформалар, 1524-25 ж шаруалар соғысы, отыз жылдық соғыс т.б. оқиғалардан кейін де герман князьдіктері орталық билікке тұтас бағына қоймады. Француз императоры Напалеон І Австрия мен Пруссияны талқандағаннан кейін «Қасиетті Рим империясы» жойылып, герман князьдіктерінің бытыраңқылы әрі қарай жалғасты. Бұл жағдай Германияның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатты бөгет жасады. 1815 жылы Вена конгресінің шешімімен Австрияның басқаруындағы Герман Одағы құрылды. Бірақ Пруссия әскери-экономикалық жағынан тез дамып, 1866 жылы Австрияға күрйрете соққы берді де, өзіне тікелей бағынышты Солтүстік Герман одағын құрды.

«Темір Канцлер» О.Бисмарктың басшылығымен Пруссия 1870 жылы Францияға қарсы соғыс ашып, елдің бірігуін аяқтады. Дүние жүзіне үстемдік орнату мақсатында Германия 1879-81 жылы Австро-Венгрия және Италиямен «Үштік Одақ» құрды. Бұған қарсы 1891-93 жылы Франция – Ресей одағы, 1904-07 жылы Антанта одағы құрылды. Бұл әскери одақтар арасындағы қайшылық бірінші дүниежүзілік соғысқа әкелді.

1933 жылы Гитлер канцлер болып тағайындалғаннан кейін елде кең көлемде жазалау шаралары басталды. Германияда фашистік диктатура орнады. 1939 жылы Германия әскерлерінің Польшаға басып кіруімен 2-дүниежүзілік соғыс басталды. Дүние жүзі елдері Гитлерге қарсы одақ құрды. Осы одақтың, ең алдымен, КСРО әскерлерінің жанқиярлық күш-жігер жұмсауының нәтижесінде Германия 1945 жылы 8 мамырда тізе бүгу туралы актіге қол қойды.

1949 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Франция әскерлері тұрған аймақтар біріктіріліп Германия Федеративтік Республикасы, 1949 жылы қазанда Кеңес әскерлері тұрған аймақта Германия Демократиялық Республикасы құрылды.

1985 жылы КСРО да, кейіннен басқа да социалистік елдерде басталған саяси реформалардың нәтижесінде 1990 жылы 3 қазанда Берлин қабырғасы құлатылып, екі герман мемлекеті қайтадан бірікті.

Экономикасы

өңдеу

Германия аса жоғары дамыған индустриялы – аграрлы ел. Елдегі ұлттық табыстың 33,6 % -ін өнеркәсіп пен құрылыс өнімдері, ал 1,2 %-ін ауыл шаруашылығы өнімдері мен орман шаруашылығы береді. Экономиканың негізгі салалары: қоңыр көмір мен тас көмір шығару, қара және түсті металлургия, химия, электртехникасы мен радиоэлектроника, машина жасау, кеме жасау, станок шығару, құрылыс материалдары, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері. Электр энергиясы негізінен , жылу электр станцияларынан және шамамен ¼-і АЭС-терден алынады. Бұған қоса фарфор өнімдері мен музыкалық аспаптар, баспа машиналары мен оған қажетті өнімдер шығару да жақсы жолға қойылған. Ауыл шаруашылығында халықтың 5 %-і ғана жұмыс істегенмен, еңбек өнімділігі өте жоғары. Ол екі үлкен салаға: мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына бөлінеді. Шарап шығару мен балық аулау жақсы дамыған. Елдегі темір жолдың ұзындығы 91,6 мың км, автомобиль жолының ұзындығы 496,6 мың км, теңіз-сауда флотының жылдық тасымал көл 5,6 млн тонна шамасында. Туризм жақсы дамыған. Ел экспортқа машина, құрал-саймандар, химия өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығарды.

Германия Қазақстанның егемендігін 1991 жылы 31 желтоқсанда таныды және дипломатиялық қатынастар орнатты. Екі ел арасында экономика, ғылым, техника т.б. салалар бойынша келісімдер жасалған. Тарихи отанына қайтуға рұқсат етілгеннен кейін 700 мыңнан аса қазақстандық немістер Германияға қоныс аударды. Қазақстанның Германияға жіберетін экспорт мөлшері 495 млн, ал ол елден импорт – 160 млн неміс маркасы көлемінде. Қазақстанда 80-нен аса неміс компанияларының өкілдіктері ашылған, олар 102 бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істейді. Германия инвестициясы Батыс Қазақстандағы мұнай және газ орындарын барлау қызметіне, Солтүстік Қазақстанда аса ірі электр станциясын салуға, Астанада әуежай салуға, т.б. салаларға жұмсалуда. 400 ден аса қазақстандық жастар Германияда білім алуда. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға ұлғая түсуде.