Тұтынушылар қоржыны

Тұтынушы қоржыны – адамның орташа статистикалық қалыпты қажеттерін қанағаттандыру үшін қажет тұтынушылық материалдық және рухани игіліктер мен қызметтердің толық жиынтығы. Тұтынушы қоржыны елде (мемлекетте) қалыптасқан нақты жағдайлар мен ерекшеліктерді басшылыққа ала отырып, белгілі бір уақыт бөлігінде адамның нақты атқарымдық қажеттерін қанағаттандыратын тауарлар мен қызметтердің ғылыми тұрғыда негізделіп, теңдестіріледі. Бұл әдіс тұрмыс құнын және ұлттықвалютаның жылдық құнсыздану деңгейін есептеу үшін қолданылады. Тұтынушы қоржыны адамның немесе отбасының тамаққа: нан мен нан тағамдарына, ет пен ет тағамдарына, сүт пен сүт тағамдарына, жұмыртқаға, балық пен балық тағамдарына, картопқа, көкөніске, жеміс пен жидекке, өсімдік майы мен маргаринге, қант пен кондитер тағамдарына, басқа да азық-түлікке; киім-кешекке, ішкиімге, аяқ киімге; дәрі-дәрмекке, санитария мен тазалық заттарына; жиһазға, мәдени-тұрмыстық және шаруашылық заттарына; тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге; тұрмыстық қызметтерге, көлікке, байланысқа; балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелерде тәрбиелеуге жұмсайтын шығынының негізгі баптары бойынша қалыптасады. Оның құрылымы мен құрамы әлеуметтік-экономика дамуды, тұтыну нормасындағы өзгерістерді ескере отырып, кем дегенде бес жылда бір рет қайта қаралып отырады.

[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. “Қазақ Энциклопедиясы”, VIII 8