Қараған ағашы

Қараған (Caragana) — бұршақ тұқымдасына жататын бұта (ағаш). Шығыс Еуропа мен Азияның далалық, шөлді және таулы аймақтарында (4000 м биіктікке дейін) кездесетін 80-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау облыстарының өзен алқаптарында, орман шетінде, шөлде, орманды далада, тоғайда, таудың тастақты беткейлерінде өсетін 18 түрі бар. Қараған – топырақ талғамайды, құрғақшылыққа, суыққа төзімді өсімдік. Жиі кездесетіні сары қараған (C. arborescens) мен бұта қарағанның (C. frutex) биіктігі 0,5 – 2 м. Жапырағы қос қауырсын тәрізді, оның сағағы тікенекті болып біткен. Гүлі бір-бірден не шоқтанып гүл сағағында, жапырақ қолтығында орналасқан. Гүл тостағаншасы түтік пішіндес, қапшыққа ұқсайды. Гүлшоғыры сары, кейін қоңыр түсті болады. Жемісі – көп тұқымды бұршақ. Жапырағы мен тұқымында 20,8 – 35,3% протеин, 4,3 – 8,2% май, 12,5 – 16,3% клетчатка бар. Топырақты құнарландырады. Қарағанның сүрегінен құрсау жасайды, жіңішке жас бұтақтарынан себет тоқылады. Мал азықтық, шірнелі, әсемдік өсімдіктер. Сары Қ. – дәрілік өсімдік, оның қайнатылған тұнбасын бас, бауыр ауырғанда, атеросклерозда, гиповитаминоз кезінде ішеді. Ал жапырағынан қайнатылған тұнбасының бактерияны жоятын қасиеті бар.[1]

Қараған ағашы

Қараған өскен жерден шөл ыңысады, өйткені қыста бұл бұталы қопа қар ұстайды. Көктемде топырақ жақсы ылғалданады, жел мен мал аяғы шашқан әр түрлі шөптің тұқымы өніп шығады, ал жазда шөп қарағанның тасасында, соның көлеңкесінде өсіп тұра береді. Жыл өткен сайын бұл жердің топырағы жақсара береді, бұған ешқандай құрғақшылық әсер етпейтін болады. Жиде сияқты бұл да тамырына түйнек байлайды, ондағы бактериялар ауадағы азотты бойына сіңіріп, топырақты құнарландырады. Қараған құрғақшылықтан, аяздан, топырақтың тұздануынан және газдан қорықпайды. Егер оны кесіп алса, тамырынан қайта өніп шығады. Мамыр айында хош иісті сары гүлдері ашылғанда қараған өте әдемі. Бұл кезде ол жақсы бал бергіш болып табылады.[2]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ Энциклопедиясы
  2. В.Б. Николаев. Прибалхашье, 1986 жыл "Кітап" полиграфиясы, ИБ №2967