Әскери-әуе күштері

Әскери-әуе күштері — мемлекеттің Ұлттық Қарулы Күштерінің құрамдас бөлігі. Жиырмасыншы ғасырдың басынан бері әскери авиация жедел қарқынмен дамып, Қарулы күштердің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Кейбір дамыған елдерде әскери - әуе күштерінің құрамына құрлықаралық баллистикалы ракета, әскери-ғарыштық жерсеріктер де енеді. Алғаш авиациялық техниканың дамуына байланысты пайда болған, сондықтан оны “әскери авиация” деп те атайды. Авиацияның соғыс мақсатына пайдаланылуы 1909-1910 жылы басталады. 1911 жылы Түрік-Италия соғысында Итальяндық ұшқыштар жердегі Түріктердің позицияларына 4 әскери гранатаны тастауынан бастап әскери авиация соғыс құралына айналды. Ол Қарулы Күштердің барлық түрлерімен біріге отырып, соғыс қимылдарын жүргізеді, дербес шұғыл-стратегиялық міндеттерді атқарады. Әскери - әуе күштері жау шебіне тұтқиылдан бастырмалата шабуыл жасап, ауыр соққылар береді, дұшпан тылындағы маңызды объектілерді күйретіп, оның әскери-экономикалық мүмкіндігін әлсіретеді, әскерлер мен жүктерді тасымалдайды және әуе барлауын жүргізеді.[1]

АҚШ әскери әуе-күштерінің екі F-16,екі F-15 жойғыштары және KC-135 жанармай құюшы ұшағы әуедегі жанармай толтыру жаттығуында

Әскери - әуе күштері құрылымындағы әскери авиация мақсатына қарай тактикалық, стратегиялық, әскери-көліктік авиацияға, ал ұшақтардың міндеттерді орындау сипатына, ұшу тактикасы мен қарулануына қарай бомбалаушы, жойғыш, жойғыш-барлаушы, барлаушы және көмекші (байланыс, санитарлық) авиация түрлеріне бөлінеді. Ол ұйымдық жағынан авиац. бірлестіктерден (стратегиялық және тактикалық авиация), құрамалардан (корпус, дивизия, тағы басқа) және бөлімдерден (полк, эскадрилия тағы басқа) тұрады. Бұлардың құрамына материалдық, техникалық, арнаулы жабдықтау, аэродромдық қызмет бөлімдері мен бөлімшелері енеді. Реактивті ұшақтар, қанатты зымырандар және жаппай қырып-жоятын қарулармен жабдықталған қазіргі заманғы әскери - әуе күштерінің соғыс қимылдарын, жүргізуге, дұшпанға соққы беруге мүмкіндігі мол. 1992 жылы 7 мамырда құрылған Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі бөлігі. Әскери - әуе күштері құрамаларынан тұрады.

Ұлыбритания, Германия, Израиль, Қытай, Ресей, Америка Құрама Штаттары, Франция, Түркия және Сауд Арабиясының қарулы күштері өз ұшақтарын өндіреді және ең күшті әуе күштері болып табылады.Қазіргі кезде көптеген дамыған елдердің әуе күштері төртінші буын ұшақтарына негізделген. Сонымен бірге бесінші буын ұшақтарын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа буын әуе кемелерін жасаушылардың алдына қойылған негізгі міндеттер: жекелеген жауынгерлік тапсырмалар түрлерін оңтайландыру, радарда көрінбеу және жоғары жылдамдықтағы жоғары маневрлік.

Дереккөздер

өңдеу
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х